Жармақ жүйесі

«Жармақ» жүйесі — бұл atasuai платформасында пайдаланушылардың белсенділігін арттыру мақсатында енгізілген, ішкі виртуалды есепке алу бірлігіне негізделген ынталандыру механизмі. Жармақ ақшалай қаражат немесе төлем құралы болып табылмайды және осы бөлімде белгіленген тәртіпке сәйкес, тек atasuai платформасының ішкі функционалы шеңберінде ғана қолданылады.
1
.  Жалпы ережелер

Жармақ - atasuai платформасында қолданылатын ішкі виртуалды есептік бірлік болып табылады және қолданушыларды платформаға күнделікті кіруге, белсенді әрекеттер жасауға ынталандыру мақсатында енгізілген.

Жармақ ақшалай қаражат, электрондық ақша, бағалы қағаз немесе өзге де төлем құралы болып табылмайды, қандай да бір талап ету құқығын бермейді, үшінші тұлғаларға берілмейді және atasuai платформасынан тыс пайдаланылмайды.

Қолданушының Жармақ балансы atasuai қосымшасында көрсетіледі және ақпараттық сипатқа ие. Жармақ мөлшері қолданушының платформадағы әрекеттеріне байланысты есептеледі.

2
.  Жармақ жинау тәртібі

Қолданушы Жармақ-ты atasuai платформасында белгіленген әрекеттерді орындау арқылы жинай алады. Мұндай әрекеттерге, оның ішінде, atasuai қосымшасына күнделікті кіру, платформада көзделген белсенділік іс-қимылдарын жүзеге асыру, сондай-ақ жеке шақыру сілтемесі арқылы жаңа қолданушыларды тарту жатады.

Жеке шақыру сілтемесі арқылы тіркелген әрбір жаңа қолданушы үшін Жармақ мөлшері atasuai тарапынан айқындалатын шарттарға сәйкес есептеледі. Жармақ есептеу шарттары, мөлшері және есептелу жиілігі atasuai шешімімен өзгертілуі мүмкін.

Жармақ тек нақты орындалған және платформа тарапынан расталған әрекеттер үшін ғана есептеледі. Жасанды түрде орындалған, жалған немесе талаптарға сәйкес келмейтін әрекеттер үшін Жармақ есептелмейді.

3
.  Жармақ пайдалану тәртібі

Қолданушы Жармақ-ты тауарды сатып алу кезінде ішінара төлем ретінде пайдалана алады, егер тиісті сатушы мұндай мүмкіндікті белгілеген болса.

Әрбір тауар бойынша Жармақ арқылы төлеу үлесін сатушы өз бетінше 0%, 3%, 5% немесе 7% мөлшерінде айқындайды. Сатушы 0% мөлшерін белгілеген жағдайда, аталған тауар үшін Жармақ пайдалану мүмкіндігі берілмейді.

Қолданушы тауар құнының сатушы белгілеген бөлігін Жармақ арқылы, ал қалған бөлігін ақшалай төлем тәсілдерімен төлейді.

4
.  Жармақ жарамдылық мерзімі

Әрбір есептелген Жармақ есептелген күннен бастап 12 ай ішінде пайдаланылуы тиіс.

Белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін пайдаланылмаған Жармақ автоматты түрде жойылады және қандай да бір өтемақысыз қалпына келтірілмейді.

5
.  Қайтарым жағдайы

Қайтарылған тауар үшін бұрын есептелген Жармақ кері есептеледі.

Егер тауар Жармақ пайдаланыла отырып төленген болса, қайтарым мынадай тәртіппен жүзеге асырылады: ақшалай төленген бөлігі - ақшалай түрде, ал Жармақ арқылы төленген бөлігі - Жармақ түрінде қайтарылады.

Қайтарым сәтінде Жармақ жарамдылық мерзімі өтіп кеткен жағдайда, мұндай Жармақ қалпына келтірілмейді.

6
.  Аккаунтты жою салдары

Қолданушы atasuai платформасындағы аккаунтын жойған жағдайда, аккаунтта жинақталған барлық Жармақ автоматты түрде жойылады және кейіннен қалпына келтірілмейді.

Аккаунт жойылғаннан кейін Жармаққа қатысты қандай да бір талап қоюға жол берілмейді.

7
.  Теріс пайдалану

Жармақ жүйесін теріс пайдалану, оның ішінде Жармақты сату, беру, айырбастау, жасанды әрекеттер арқылы жинау, сондай-ақ бірнеше аккаунтты пайдалану арқылы жүйені айналып өту анықталған жағдайда, atasuai Жармақ балансын жоюға, пайдалануды шектеуге және аккаунтқа уақытша немесе тұрақты шектеу қоюға құқылы.

8
.  Қорытынды ережелер

atasuai Жармақ жүйесінің шарттарын, есептеу және пайдалану тәртібін кез келген уақытта біржақты тәртіппен өзгертуге, уақытша тоқтатуға немесе толықтай жоюға құқылы.

Осы бөлімде көзделмеген мәселелер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.